Ең ерте куәліктердің бірі біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жатады. Геродоттың мәліметтері бойынша, скифтер ұзақ жорықтан оралғанда әйелдерінің құлдармен бірге өмір сүріп жатқанын және құлдардың балалары көтеріліс көтергенін анықтады. Скифтер бүлікті басу үшін қамшыны иесінің билігінің символы ретінде пайдаланды, кейін тұтқындарды қатал жазалады.
Кейінгі дәуірлерде тұтқындарды жұмыс күші ретінде де пайдаланған. Ноин-Ула кешеніндегі археологиялық табылған заттар ғұндардың егіншілікпен айналысқанын көрсетеді және ғалымдар бұл іспен дәл тұтқындар айналысқан деп болжайды. Түрік қағанаты ескерткіштерінде тұтқындарды ауыр жұмыстарға жіберген.
Құлдықтың орнына әскери қызмет
Моңғол шапқыншылығынан кейін Дешт-и Қыпшақтан шыққан жасөспірімдер мен жастарды Кіші Азияға сатқан. Олардың әскери дағдылары бағаланды, сондықтан көбін ауыр еңбекке емес, әскерге алған. XIII ғасырда дала мен Кавказдан шыққандар Дели сұлтандығының гулям отрядтарының едәуір бөлігін құрады және моңғол қаупін тойтарыста маңызды рөл атқарды.
Кейінірек мұндай жауынгерлер Египетте мамлюктер ретінде белгілі болды. Құтұз бен Байбарс билеушілері түркі текті болған. Қыпшақ даласынан шыққан Байбарс Китбуга әскерін жеңіп, Таяу Шығыстағы оқиғаларға әсер етті.
Қазақ хандығы дәуіріндегі тұтқындық
Усман Кухистанидің еңбегінде қазақтар көбіне әйелдер мен балаларды тұтқынға алған, ал ерлерді өлтірген немесе босатқан деп жазылған. 1508 жыл шамасында сұлтан Ахметтің жорығынан кейін бірнеше мың адам қазақ ұлыстарына қоныстандырылған.
Тұтқындардың мәртебесі әртүрлі болған. Саут және білімді адамдарды балаларды оқытуға пайдаланған, басқалары мал шаруашылығымен айналысқан, ал күшті және қабілеттілерді әскери қызметке немесе төлеңгіт отрядтарына қабылдаған.
Тұтқындар саудасы және XVIII ғасырдағы жағдай
IX ғасырдағы араб және парсы авторлары қимақтар мен қыпшақтардың тұтқындарды басқа елдерге сатқанын хабарлаған. XIV–XVI ғасырларда тұтқындарды Орталық Азия базарларына жеткізген. Қазақ-жоңғар соғыстары кезінде тұтқындардың бір бөлігін Хиуаға, Ташкентке және Қоқанға жіберген.
XVIII ғасырда қазақтар шекара маңындағы орыс шаруаларын тұтқынға алып, Орталық Азия хандықтарына өткізген. Италиялық дипломат Флорио Беневенидің хабарламасы бойынша, Бұхарада шамамен 250 орыс тұтқыны болған, ал Самарқан және басқа қалалармен бірге – 2 мыңға жуық. Хиуада, Арал маңы мен Парсыда тағы 1,5 мыңдай адам ұсталған.
Ресейлік зерттеуші Петр Паллас далада тұтқындарға, егер олар адал қызмет етсе, жақсы қарағанын атап өткен. Иоганн Георги кейбір шетелдіктердің қазақ тұрмысын қабылдап, қоғамның бір бөлігі болып кеткенін жазған. Степан Кондратьевтің жазбаларында Кіші және Орта жүздерде шамамен 900 қалмақ, башқұрт, қарақалпақ және парсы тұтқындары туралы айтылады.
1779 жылы Екатерина II-нің талабы бойынша екі жүздің аумағынан 800-ге жуық адам босатылып, Ресейге қайтарылған. 1771–1775 жылдары даладан Ресейге әскери тұтқындармен бірге қазақ балалары да әкетілген, мұны зерттеушілер ашаршылық кезеңдерімен байланыстырады.