Қазақстанның Қарқаралы ұлттық паркі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында, оның шығыс бөлігінде орналасқан. Парктің жалпы ауданы 90323 гектар, 1998 жылы құрылған. Қарқаралы-Кент тау түйіні бес тау тобынан тұрады: Бұғылы, Шанқоз, Матена, Айыртау және Кент. Қарқаралы таулары мен Кент массивінің солтүстік бөлігінде беткейлер тік, ал оңтүстік пен батыс беткейлері жайпақтау. Таулардың солтүстік бөлігінде өсімдік оңтүстік пен батыс бөлігіне қарағанда бай. Қарқаралы тауларының ең биік нүктесі 1403 м, Кент тау массиві — 1469 м. Көркем тау шатқалдары арқылы шағын өзендерге бастау беретін бұлақтар ағады.
Парк аумағында бірқатар көркем көл орналасқан: Шайтанкөл, Бассейн, Пашенное, Үлкенкөл. Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағында ортағасырлық тарих ескерткіші — Кызыл-Кенш сарайы орналасқан.
Қарқаралы паркінің флорасы жабық тұқымды өсімдіктердің 198 түрін, жалаңаш тұқымдылардың 3 түрін, қырықжапырақ
тектестердің 2 түрін, мүктердің 27 түрін, қыналардың 14 түрін қамтиды. Паркте негізінен мынадай өсімдіктер өседі:
қарағай, көктерек, мойыл, таңқурай, тас бүлдірген, қара қарақат, орман қырықбуыны, жалбызгүлдер, орман қоңырбасы және т.б. Эндемиктердің ішінде өсімдіктің мынадай түрлері бар — қарқаралы бөріқарақаты, қарқаралы шайқурайы, өткір қалақты зығыргүл, қарқаралы бидайығы, ойықты таспа, қарқаралы регнериясы. Қызыл кітаптағылар мынадай түрлермен ұсынылған: желімді қандыағаш (қара), қарқаралы бөріқарақаты, жапырақсыз шоқтыкжапырақ, салбыраңқы қызғалдақ, шатырлы қысжапырақ, Фукс саусаққосаяғы, дала пионы, жіңішке көкнәр және мүктердің бір түрі — тегіс сфагнум. Өңір үшін сирек өсімдіктерге сондай-ақ тарлапырақты шаған, қырықжапырақтар — кәдімгі қырғауыл шөбі мен талшықты тасжарған жатады.
Қарқаралы паркінің фаунасында омыртқалы жануарлардың 190 түрі бар: сүтқоректілердің 45 түрі, құстардың 122 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 6 түрі, қосмекенділердің 2 түрі және балықтың 15 түрі. Ұлттық парк аумағында қызыл кітаптағылар да мекендейді: арқар, қара дегелек, бүркіт, үкі, кіші бүркіт, дала сұржыланы, Игнатов гольяны. Бұл жерге кеміргіштер тән — ұзынтұмсық саршұнақ, сұр суыр, дала тышқаны, үлкен қосаяқ, секірмелі қосаяқ, жоңғар атжалманы, эверсман атжалманы, кәдімгі атжалман, стрельцов тоқалтісі, қызыл тоқалтіс, ондатра, дала ұйқышылы, су тоқалтісі, кәдімгі тоқалтіс, тарбас тоқалтіс, орман тышқаны, үй тышқаны, бөжек тышқан. Жыртқыштардан қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, ашық күзен, ақкіс, ақкүзен, сабаншы, сілеусін кездеседі. Құстар фаунасы өте алуан түрлі. Тек үкілер бірнеше түрмен ұсынылған: жапалақ, байғыз, ұзынқұлақ жапалақ, үкі; жыртқыш құстардан — бүркіт, кіші бүркіт, қара самырық, кәдімгі тұйғын, қаршыға мен қырғи, дала және батпақ құладыны, ылашын, ителгі, тұрымтай, күйкентайлар — кәдімгі және дала күйкентайы кездеседі. Орманда ала тоқылдақ, шыбынши, орман жадырақшасы, үлкен шымшық, шымшық, үлкен бақылдақ, көкек, сарықас, тентекқұс, құр мекендейді. «Қызыл кітаптағылардан» бүркіт, кіші бүркіт, балықшы тұйғын, ителгі, үкі, сондай-ақ суқаз бен қарабас көлбақа тұрады.