Дауыс беру рәсімі өзгеріссіз қалады. Сайлаушы өз учаскесіне келеді, жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді, бюллетень алады және таңдаған кандидатты белгілейді.
Қазақстан азаматтары, 18 жасқа толғандар дауыс бере алады. Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдар және сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар сайлауға қатыспайды.
Дауыс беру орнын қалай өзгертуге болады
Егер сайлаушы тіркелген жердегі учаскеге келе алмайтынын алдын ала білсе, 23 шілдеге дейін нақты тұратын жердегі жергілікті атқарушы органға жазбаша өтініш бере алады. Осыдан кейін оны басқа учаскенің тізіміне ауыстырады.
Тізімдерді тексеру және дауыс беру куәліктері
7 тамыздан бастап тұрғындар учаскедегі тізімдердегі деректерін онлайн-сервис, әкімдіктің колл-орталығы немесе чат-бот арқылы тексере алады.
7 тамыздан 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін дауыс беру күні өз елді мекенінен тыс жерде болатындар дауыс беру куәлігін алуға құқылы. Ол үшін тіркелген жердегі учаскеге барып, жеке басын куәландыратын құжатты көрсетіп, өтініш жазу керек.
Дауыс беру куәлігімен нақты тұрған жерде дауыс беруге болады.