Жобалар МЭКС ұлттық жобасына кіреді және табиғи монополия субъектілерінің инфрақұрылымын қамтиды. Олар тұрғындарды жарықпен, жылумен және сумен қамтамасыз етуге байланысты желілердің тозуын азайтуға бағытталған.
Жетісу облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта электр желілерінің тозуы 78,5 %-ды құрайды. Жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш 67,2 %-ға дейін төмендеуі тиіс. Жылумен жабдықтау саласында желілер мен жабдықтардың тозуы 61 %-ды құрайды, мақсат — 54 %.
Аймақ қалаларына ерекше назар аударылады. Текеліде сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуы 86 %-ға жетеді. Жобалар іске асырылғаннан кейін су құбырлары желілерінің тозуын нөлге дейін, ал су бұру желілерінің тозуын 53,4 %-ға дейін төмендету жоспарлануда.
Талдықорғанда биыл Жансүгіров көшесі бойынша басты жылу магистралін толық ауыстыру басталады. Құбырлардың жасы 46 жыл, тозуы 61 %-ды құрайды. Қайта құру 26 мыңнан астам тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді.
Жоспарлар Талдықорғанда өткен воркшопта талқыланды. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, техникалық және қаржылық операторлардың өкілдері, сондай-ақ Жетісу және Алматы облысынан 17 табиғи монополия субъектісі қатысты.
2026 жылы өңірде 33,5 млрд теңгеге 23 жоба жоспарланған, оның ішінде 16-сы электрмен жабдықтау саласында. 2027 жылға 45,3 млрд теңгеге 42 жоба, оның ішінде 32-сі электрмен жабдықтау бойынша қарастырылған.
Кездесуде тарифтік саясат, қаржыландыру және жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау мәселелері де талқыланды. Халықпен ТКШ саласындағы өзгерістерді түсіндіру жұмысына жеке сессия арналды.